Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк Туы
Қазақстан Республикасының мемлекеттiк туы — ортасында шұғылалы күн, оның астында қалықтап ұшқан қыран бейнеленген тік бұрышты көгілдір түсті мата. Тудың сабының тұсында ұлттық өрнек тік жолақ түрінде нақышталған. Күн, оның шұғыласы, қыран және ұлттық өрнек бейнесі алтын түстес. Тудың ені мен ұзындығының арақатынасы — 1:2.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік туының біркелкі көгілдір түсі бірігу идеясын білдірумен қатар, әрқашанда бейбітшіліктің, тыныштықтың пен жарқын болашақтың белгісі саналатын бұлтсыз ашық аспанды еске салады.
Геральдика тілінде көк түс пен оның реңктері адам бойындағы адалдық, тазалық, үміт сияқты қасиеттеріне сәйкес келеді. Шұғылалы алтын күн тыныштықпен байлықты бейнелесе, дала бүркіті қазақстандықтар ұғымында дарқандық пен қырағылық, биіктік белгісі.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік туының авторы суретші Шәкен Ниязбеков.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк Елтаңбасы
Елтаңба — мемлекеттiң басты рәмiздерiнiң бiрi. Елтаңба («герб») терминi немiстiң «erbe» (мұра) деген сөзiнен шыққан. Мемлекеттiң мәдени және тарихи дәстүрiн бейнелейтiн символдық мәнi бар үйлесiмдi пiшiндер мен заттардың мирастық ерекшелiк белгiсiн бiлдiредi.
Қазiргi Қазақстан аумағын мекендеген қола дәуiрiнiң көшпендiлерi кейiн графикалық ұғымы «таңба» деп аталған ерекше символ-тотем арқылы өздерiн танытқанына тарих куәлiк етiп отыр. Алғаш рет бұл термин Түрiк қағанаты тұсында қолданыла бастаған.
Егемендi Қазақстанның Елтаңбасы 1992 жылы ресми түрде қабылданды. Оның авторлары — белгiлi сәулетшiлер Жандарбек Мәлiбеков пен Шот-Аман Уәлиханов.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк елтаңбасы дөңгелек нысанды. Бұл — Ұлы дала көшпендiлерi айрықша қастер тұтқан өмiр мен мәңгiлiктiң символы.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимні
Сөзін жазғандар: Нұрсұлтан Назарбаев, Жұмекен Нәжімеденов
Әнін жазған: Шәмші Қалдаяқов
Алтын күн аспаны,
Алтын дән даласы,
Ерліктің дастаны,
Еліме қарашы!
Ежелден ер деген,
Даңкымыз шықты ғой.
Намысын бермеген,
Қазағым мықты ғой!
Қайырмасы:
Менің елім, менің елім,
Гүлің болып егілемін,
Жырың болып төгілемін, елім!
Туған жерім менің — Қазақстаным!
Ұрпаққа жол ашқан,
Кең байтақ жерім бар.
Бірлігі жарасқан,
Тәуелсіз елім бар.
Қарсы алған уақытты,
Мәңгілік досындай.
Біздің ел бақытты,
Біздің ел осындай!
Қайырмасы:
Менің елім, менің елім,
Гүлің болып егілемін,
Жырың болып төгілемін, елім!
Туған жерім менің — Қазақстаным!